Балалық шақтағы жоғары қан қысымы ондаған жылдардан кейін жүрекке әсер етеді — Денсаулық

Жаңалықтар

Балалық шақтағы жоғары қан қысымы ондаған жылдардан кейін жүрекке әсер етеді

10 қазан 2025

Солтүстік-Батыс университетінің америкалық ғалымдары жүргізген және 2025 жылғы Америкалық кардиологиялық қауымдастықтың «Гипертония бойынша ғылыми сессияларда» ұсынылған жаңа зерттеу балалық шақтағы артериялық қысымның жоғары болуы ересек шақтағы жүрек-қан тамырлары ауруларынан ерте өлу қаупін арттыратынын көрсетті.

«Біз үшін күтпеген жаңалық болды: бала кезіндегі жоғары қан қысымы ондаған жылдардан кейін денсаулыққа елеулі әсер етеді. Балалардағы гипертония немесе қан қысымының жоғарылауы өмірдің алдағы 50 жылында өлім қаупін 40–50%-ға арттыруы мүмкін», — деді доктор Алекса Фридман, Солтүстік-Батыс университетінің Файнберг медицина мектебінің доценті.

Зерттеуге «Бірлескен перинаталдық жоба» аясында 1959–1965 жылдары АҚШ-та жүргізілген ең ірі зерттеулердің бірі бойынша 38 000-нан астам бала қатысты. Қатысушылар жеті жасында қан қысымын өлшетті, кейін ғалымдар бұл деректерді Ұлттық өлім-жітім регистрімен салыстырып, 2016 жылға дейін олардың өмір жолын бақылап отырды. Сол кезде қатысушылардың орташа жасы 54 болды. 2837 өлім жағдайы тіркелген, оның 504-і жүрек-қан тамырлары ауруларына байланысты болған.

Талдау нәтижесі көрсеткендей, балалық шақтағы қан қысымының аздап жоғарылауының өзі ересек жаста инфаркт пен инсульттен өлім қаупін арттырады. Систолалық қысымның жоғарылауы қауіптің 13%-ға, диастолалық қысымның жоғарылауы 18%-ға өсуі мүмкін екенін көрсетті.

Тұқым қуалаушылық пен қоршаған орта факторлары ескерілгеннен кейін де бұл байланыс сақталды. Тіпті бауырлар мен әпке-қарындастар арасындағы салыстыру ерте гипертонияның дербес қауіп факторы екенін растады.



ДДҰ дерегі бойынша, артериялық гипертония әлемде 1,28 миллиард ересекті қамтиды — бұл 30–79 жас аралығындағы әрбір үшінші адам. Қазақстанда жас адамдар (орташа жасы 31) арасында артериялық гипертонияның таралуы 23%-ды құрайды. Бұл әр төртінші бала мен жасөспірімнің болашақта жүрек-қан тамырлары ауруларының жоғары қаупіне ие екенін білдіреді.

«Артериялық гипертония — біз ойлағаннан әлдеқайда ерте әсер ететін қауіп факторы. Жас кезден бастап қан қысымының сәл жоғары болуының өзі жүрек пен тамырларға ондаған жылдар бойы ықпал етеді. Сондықтан дұрыс тамақтану, дене белсенділігі, тұзды азайту, ұйқыны қалыпқа келтіру және стрессті басқару сияқты пайдалы әдеттерді бала кезден қалыптастыру маңызды. Бұл шаралар ересек жаста инфаркт пен инсульт қаупін нақты төмендете алады», — деді Бақыт Тумeнова, дәрігер және «Денсаулык» ұлттық ассоциациясының басшысы.