Көрінбейтін қауіп: ауа ластануы деменция қаупін арттырады — Денсаулық

Жаңалықтар

Көрінбейтін қауіп: ауа ластануы деменция қаупін арттырады

16 қазан 2025

Джонс Хопкинс медицина орталығының зерттеушілері ауа ластануы мен Леви денешіктерімен байланысты деменцияның дамуы арасындағы ықтимал молекулалық байланысты анықтады.

Леви денешіктерімен байланысты аурулар — нейродегенеративті бұзылыстардың тобы. Бұл кезде ми жасушаларында альфа-синуклеин деп аталатын ақуыз жиналып, Леви денешіктерін түзеді. Олар Паркинсон ауруы мен Леви денешіктерімен деменцияның негізгі белгісі.

Жаңа зерттеу көрсеткендей: ұсақ дисперстік бөлшектер — PM2.5 — ұзақ уақыт әсер еткенде улы ақуыз шоғырларының түзілуін қоздырып, нейрондарды зақымдауы және мидың жұмысын бұзуы мүмкін.

Ғалымдар 2000–2014 жылдар аралығында АҚШ-тағы Medicare бағдарламасы бойынша Леви денешіктерімен байланысты аурулардан алғаш рет ауруханаға түскен 56,5 миллион пациенттің деректерін талдады. Пациенттердің тұрғылықты мекенжайы бойынша пошталық индекстер арқылы ауа ластану деңгейі бағаланды.



Нәтижелер көрсеткендей: PM2.5 бөлшектеріне ұзақ әсер ету Паркинсон ауруындағы деменцияның даму қаупін 17%, ал Леви денешіктерімен деменцияның даму қаупін 12% арттырған. Байланысты дәлелдеу үшін зерттеушілер тышқандарға тәжірибе жүргізді. 10 ай бойы жануарлар күнара ластанған ауаға ұшыратылды. Қалыпты тышқандарда жүйке жасушаларының өлуі, ми көлемінің азаюы және когнитивті функциялардың төмендеуі байқалды. Ал альфа-синуклеин өндірмейтін генетикалық модификацияланған тышқандарда мұндай өзгерістер болмады. Қосымша зерттеулер ауа ластануы адамның Леви денешіктеріне ұқсас, төзімді және агрессивті альфа-синуклеин шоғырларын қалыптастыруға ықпал ететінін көрсетті. Тәжірибелердің бір бөлігі жануарларда жүргізілгеніне қарамастан, ғалымдар бұл нәтижелерді нейродегенеративті аурулардың дамуына ластанған ауаның әсерін дәлелдейтін маңызды айғақ деп санайды.

«Біз көбіне ми аурулары тек генетикамен немесе қартаюмен байланысты деп ойлаймыз. Бірақ зерттеу нәтижелері ластанған ауаның тек өкпеге немесе жүрек-тамыр жүйесіне ғана емес, миға да әсер ететінін көрсетеді. Ұсақ бөлшектерді ұзақ уақыт бойы жұту ауыр деменция түрлерінің дамуын тудыруы мүмкін. Бұл ауа сапасын жақсарту шараларының және нейродегенеративті аурулардың алдын алуда қоршаған ортаның рөлін ескерудің маңыздылығын тағы да дәлелдейді», — деді Сагат Алтынбеков, дәрігер-нарколог, С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ профессоры, «Психикалық денсаулық саласында жұмыс істейтін мамандар қауымдастығы» РҚБ президенті, Ұлттық Ассоциация Денсаулык сарапшысы.