Көз жүрек туралы айтады: ғалымдар жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін болжаудың жаңа әдісін тапты — Денсаулық

Жаңалықтар

Көз жүрек туралы айтады: ғалымдар жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін болжаудың жаңа әдісін тапты

13 қараша 2025

Біздің көзіміздегі ұсақ қан тамырлары ағзаның қалай қартаятынын және жүрек аурулары неге дамитынын түсінудің кілті болуы мүмкін. Канададағы Макмастер университетінің ғалымдары көздің торқабатындағы (сетчатка) тамыр құрылымына қарап, адамның биологиялық жасын және жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупін болжауға болатынын анықтады.

«Көз — ағзадағы тамыр жүйесіне инвазивті емес, бірегей терезе. Торқабаттағы қан тамырларындағы өзгерістер көбіне бүкіл денедегі ұсақ тамырларда жүріп жатқан процестерді көрсетеді», — дейді зерттеудің аға авторы, Макмастер университетінің медицина факультетінің доценті доктор Мари Пигейр.

Зерттеушілер 74 000 адам жөніндегі деректерді біріктірді: торқабат сканерлеу нәтижелері, генетикалық ақпарат және қан талдаулары. Нәтижесінде, көздің тамыр желісі нашар тармақталған адамдарда жедел қартаюдың белгілері жиірек байқалған: қабыну деңгейінің жоғарылауы, өмір сүру ұзақтығының қысқаруы және жүрек-қан тамырлары ауруларының жоғары қаупі.



Авторлар бүгінгі күні инсульттан деменцияға дейінгі жасқа байланысты ауруларды анықтау үшін кешенді диагностика қажет екенін айтады. Алайда болашақта торқабатты қарапайым сканерлеу әдісі адамның биологиялық жасын және тамырлар жағдайын анықтаудың жылдам, қолжетімді және дәл тәсіліне айналуы мүмкін. Зерттеудің маңызды аспектілерінің бірі — қан биомаркерлері мен генетикалық деректерді талдау. Бұл ғалымдарға тамырлардың қартаюына байланысты екі негізгі ақуызды анықтауға мүмкіндік берді: MMP12 және IgG-Fc IIb рецепторы. Екеуі де қабыну процестеріне қатысады және болашақта тамырлардың қартаюын баяулататын жаңа дәрілерді жасау үшін маңызды нысан болуы мүмкін.

«Қазіргі технологиялар ағза ішіне ешқандай хирургиялық араласусыз үңілуге мүмкіндік береді. Торқабатты зерттеу жүрек-қан тамырлары қаупін алғашқы белгілер пайда болмай тұрып анықтауға жол ашады. Бұл бағыт жекелендірілген медицинаның жаңа кезеңіне айналуы мүмкін», — деп атап өтті Бақыт Тумeнова, дәрігер және «Денсаулык» ұлттық ассоциациясының басшысы.