Диабет пен депрессия: ғалымдар аурулардың өзара әсерін дәлелдеді — Денсаулық

Жаңалықтар

Диабет пен депрессия: ғалымдар аурулардың өзара әсерін дәлелдеді

19 қараша 2025

Ирландиялық ғалымдар Еуропаның 18 елінде 50 жастан асқан адамдар арасында жүргізген зерттеу диабеті бар адамдарда ауыр депрессия белгілерінің даму қаупі артатынын, ал айқын депрессиясы бар науқастарда диабет қаупі дәл солай көбейетінін көрсетті. Бұл тенденция елге қарамастан бірдей байқалған.

Зерттеу нәтижелері 2025 жылдың қыркүйегінде Венада өткен Еуропалық диабетті зерттеу қауымдастығының (EASD) жыл сайынғы жиналысында ұсынылды.

Зерттеуге 45 000-нан астам орта жастағы адам (оның 57%-ы әйелдер) қатысты. Деректер үш ірі лонгитюдтік еуропалық жобалардан алынып, бақылау кезеңі 11 жылға дейін созылды. Сарапшылар 1-типті және 2-типті диабеттің болуын, сондай-ақ депрессия белгілерін бағалады.

Ғалымдар анықтады:

  • ауыр депрессиясы бар адамдарда диабет қаупі 15% жоғары;

  • диабеті бар науқастарда депрессияның пайда болу ықтималдығы 48% жоғары, диабеті жоқ адамдармен салыстырғанда.

Бұл заңдылықтар медициналық көмектің сапасына, емге жұмсалатын шығындарға, экономикалық жағдайға немесе әлеуметтік теңсіздікке тәуелсіз сақталды.



Елдер арасында айтарлықтай айырмашылықтар байқалды. Мысалы, Австриямен салыстырғанда Нидерландыда диабет қаупі 65% төмен, ал Португалияда 90% жоғары болды. Ауыр депрессия белгілері бойынша Италия көш бастады — көрсеткіш Австриядан 150% жоғары. Ең төмен деңгей Данияда тіркелген — тәуекел 20% төмен. Диабет пен депрессия арасындағы байланысты күшейтетін жалғыз фактор — дене салмағының индексі (ДСИ). Диабеті бар адамдарда ДСИ-дің бір пунктке өсуі ауыр депрессия белгілері қаупін 2,1%, диабеті жоқтарда 1,3% арттырған.

«Зерттеу физикалық және психикалық денсаулықтың тығыз байланысын көрсетеді. Диабет пен депрессия бір-бірін күшейтіп, дерттің «шиыршық шеңберін» түзеді. Егер адамда диабет болса, оның психоэмоционалды жағдайын міндетті түрде ескеру керек. Ал депрессия кезінде — метаболикалық көрсеткіштерді бақылау қажет. Мұндай кешенді тәсіл қауіптерді ерте анықтауға және емнің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ профилактика өте маңызды: жүйелі тексерулер, салауатты өмір салты және өз әл-ауқатына мұқият көңіл бөлу екі аурудың да даму қаупін азайтады», — деді Сагат Алтынбеков, дәрігер-нарколог, С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ профессоры, «Психикалық денсаулық саласында жұмыс істейтін мамандар қауымдастығы» РҚБ президенті, Ұлттық Ассоциация Денсаулык сарапшысы.